2026 жылғы 7 қазанда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттері Алматы қаласындағы Гёте-Институтында неміс журналисті әрі саясаттанушы Ульрике Грускамен кездесті. Кездесу «Журналистика және баспасөз бостандығы» тақырыбына арналды.

Ульрике Груска журналистика саласында 25 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Оның кәсіби қызметінің шамамен 12 жылы «Шекарасыз репортерлер» («Reporters Without Borders») халықаралық ұйымындағы жұмыспен байланысты. Кездесу барысында журналист қазіргі медиакеңістіктің ерекшеліктері, кәсіби тәжірибесі және әлеуметтік желілердің журналистикадағы рөлі туралы ой бөлісті.
Кездесудің маңызды тақырыптарының бірі – баспасөз бостандығы мен журналистің кәсіби жауапкершілігі болды. Сонымен қатар қатысушылар цифрлық платформалар мен әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы жағдайында медиа өкілдері кездесетін өзекті мәселелерді талқылады.
Студенттер журналистке өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, журналистің күнделікті кәсіби қызметі туралы кеңірек ақпарат алды. Сондай-ақ спикер журналистика саласында табысты жұмыс істеу үшін қажетті кәсіби дағдылар жөнінде практикалық кеңестерімен бөлісті.

Ульрике Груска кәсіби дамудың үздіксіз болуы, жаңаға ашықтық және адамдарға деген қызығушылықтың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, журналист үшін ең бастысы – үмітті жоғалтпау, еңбек етуден қорықпау, жаңаны сынап көруге ұмтылу, адамдарға қызығушылық таныту және үнемі даму. «Қызығушылық, қарым-қатынасқа ашықтық және өз ісіне деген сүйіспеншілік қызықты оқиғаларды табуға әрі осы мамандықтан ләззат алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті спикер.
Халықаралық медиакеңістікте көп жылдық тәжірибесі бар журналистпен өткен кездесу студенттерге журналистика мамандығының қыр-сырын кәсіби орта өкілінің көзімен тануға, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алуға және болашақ мамандықтары туралы түсініктерін кеңейтуге мүмкіндік берді.
Волошина Анастасия
.png)






















