"Туризм" білім беру бағдарламасы студенттерінің білімдері мен дағдыларын бағалау мақсатында, Халықаралық туризм менеджменті кафедрасының аға оқытушысы, PhD, 2023 жылғы "500 ғалым" Болашақ бағдарламасының стипендия иегері Амина Уайсова студенттердің жобалық жұмыстарын қорғау барысында инновациялық әдіс ретінде постер презентациясын қолданды.
Постер форматы үлкен көлемдегі ақпаратты мәтін, инфографика және суреттер арқылы ықшам әрі мазмұнды түрде ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл аудиторияға негізгі ақпаратты тез әрі оңай қабылдауға көмектеседі. Сонымен қатар, постерлер аудиториямен өзара әрекеттесуді ынталандырады. Көрермендер постерлерді зерттей отырып, сұрақтар қойып, мəн-жайларды талқылай алады, бұл тақырыпты тереңірек түсінуге ықпал етеді.
"Өлкетану және туризм" пәні бойынша аралық бақылау кезінде 103 және 104 топ студенттері "Алматы қаласы мен облыс аудандарының туристік-өлкетану зерттеулері" тақырыбындағы жобаларын постер презентациясы форматында ұсынды. Ал "Қазақстан және әлем туризмінің географиясы" пәні бойынша 305 және 306 топ студенттері кейс тапсырмалары аясында өздерінің жобаларын қорғады. Бұл студенттер Маслоу қажеттіліктер иерархиясының барлық деңгейлерін пайдалана отырып, таңдаған туристік бағыттарына постер дайындап, мақсатты тұтынушының портретін/профилін жасап, өз зерттеулерін таныстырды.
Бұл тәсіл студенттерге өз жұмыстарын тиімді әрі шығармашылық тұрғыда ұсынуға мүмкіндік береді, сонымен қатар аудиториямен белсенді өзара әрекеттесуді қамтамасыз етеді.