2025 жылдың 28 ақпанында Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде «К-мәдениет призмасы арқылы Корея мен Қазақстанның ынтымақтастығы» тақырыбындағы семинар өтті.
Бұл іс-шара ҚазХҚжӘТУ қолдауымен Кореяның бейбіт және демократиялық бірігуі жөніндегі Консультативтік кеңестің Орталық Азия филиалының Қазақстандағы бөлімшесінің ұйымдастыруымен өткізілді. Семинар спикерлері –Хангук университетінің (Оңтүстік Корея) PhD докторы Ким Джемин «Кореяның қоғамдық дипломатиясы және «корей толқыны»» тақырыбында баяндама жасады. Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дың шығыстану кафедрасының оқытушысы О Санг Хо «Корей мәдениетін дұрыс түсіну және Қазақстанмен болашақтағы ынтымақтастық жоспарлары» тақырыбында сөз сөйледі. Баяндамаларда екі елдің мәдени саладағы ынтымақтастығының заманауи аспектілері және «К-мәдениеттің» дамуы туралы кеңінен қарастырылды. Семинарға Консультативтік кеңес мүшелері, шығыстану факультетінің студенттері мен оқытушылары қатысты.
Спикерлер Қазақстан мен Корея Республикасының мәдени ынтымақтастығының негізгі қырларын және К-мәдениеттің екі ел арасындағы халықаралық қатынастарға әсерін талқылады. Семинардың қорытынды бөлімінде қатысушылар сұрақтар қойып, өзекті тақырыптарды талқылай алды.
Семинар студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырып, олардың екі ел арасындағы өзара әрекеттесуі туралы білімдерін кеңейтуге ықпал етті. Осындай кездесулер К-мәдениет жаһандану контекстінде Қазақстан-Корея ынтымақтастығын тереңірек зерттеуге және екі ел арасындағы ынтымақтастыққа деген қызығушылықты арттыруға септігін тигізеді деп сенеміз.