5 мамырда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде филология ғалымдарының кандидаты, профессор Гасан Авдоевич Алиевтың 65 жылдық мерейтойына арналған «Шығыс филологиясының өзекті мәселелері» тақырыбындағы Республикалық ғылыми-әдістемелік семинар болды. Г.А. Алиев түркітанушы ғалым ретінде және түрік тілі саласындағы білікті маман ретінде түркологияның дамуына және түрік тілі бойынша жоғары деңгейдегі мамандарды даярлауға Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, Абай атындағы ҚазҰПУ және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не үлкен үлес қосуда.
Семинарды әкімшілік-ұйымдастыру жұмыстар жөніндегі Проректор Нургабылов У. Ш. және тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жұмысы жөніндегі Проректор Сережкина Т.В. ашты. Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ Басқарма Төрағасы – ректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Кунанбаева С.С.-дан профессор Г.А. Алиевке Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлық табыс етілді. Достық медалін профессор Г. А. Алиевке «Барбанг» Қазақстан күрттер Ассоциациясының төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Алиев Азиз Зияевич табыс етті. Шет тілдері педагогикалық факультетінің деканы Ислам Айбарша және Шығыстану факультетінің деканы Кагазбаева Э. М. құттықтау сөз сөйледі.
Бұл семинарға Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ-нің көрнекті ғалымдары, қазақстандық жоғары оқу орындарының ғалымдары, ғылыми ұйымдар және бірқатар шетелдік ғалымдар қатысты. Олардың ішінде университетімізде дәріс оқып жатқан Түркиялық ұстаз Юрдакул Ялчин Мырза, филология ғылымдарының докторы, профессор Махпиров Валерий Уйгурович, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Наурызбаева Альмира Бекетовна, Шет тілдері педагогикалық факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Айбарша, А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты, терминология бөлімінің директоры Кулманов Сарсенбай Куантаевич қатысты. Семинарда өзекті мәселер талқыланып қызықты баяндамалар тыңдалды және мерейтой иесіне арналған құттықтаулары мен жылы лебіздерін білдірді. Түркия елінен осы университетімізде дәріс берген ұстаздарымыз Енвер Капаан, Махмут Юджели онлайн құттықтауларын жолдап ыстық ықыластарын білдірді.
Сонымен қатар Г.А.Алиевтың көптеген шәкірттері Қазақстанның беделді ЖОО орындарында қызмет атқаруда. Мерейтойға Г.А.Алиевты құттықтап шәкірттері Ерлан Сопиев, ф.ғ.к. Эльнара Дулаева, Мөлдір Көмекова, Ақерке Қоғамбаева келді. Шәкірттері мен әріптестері ұстаз-ғалымның өмірі мен қызметінің ерекше есте қалған тұстарын тілге тиек етті.