2025 жылғы 19 наурызда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде «Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі Қазақстанның рөлі» тақырыбында магистранттар мен докторанттардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Спикерлер:
Шамилов М.Ф., Халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы, «Көпжақты форматтағы Қазақстан: “жұмсақ күш” стратегиясы» тақырыбында баяндама жасады. Ол Қазақстанның БҰҰ, ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты халықаралық ұйымдардағы рөлін талдап, ұлттық мүдделерді ілгерілетудегі және елдің жағымды имиджін қалыптастырудағы “жұмсақ күш” стратегиясының маңызын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстанның халықаралық делдалдық бастамалары мен жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі ерекше айтылды.
Ныгметова Б.М., «Халықаралық қатынастар» бағдарламасының 2 курс докторанты, «Орталық Азиядағы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Ол өңірлік қауіпсіздікке төнетін қауіптер – трансшекаралық мәселелер, терроризм және су ресурстарын басқару мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, Қазақстанның аймақтық ынтымақтастықты дамытуға, сенім шараларын нығайтуға және орнықты дамуға бағытталған бастамалары атап өтілді.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар белсенді түрде пікір алмасып, сұрақтар қойып, еліміздің сыртқы саяси болашағы туралы ойларымен бөлісті. Шара академиялық пікірталас пен тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды.