Әр ұрпақтың маңдайына ел алдында өз үлесін қосу секілді ұлы міндет жазылған. Сол жауапкершілікті ерте сезініп, шынайы ынтамен қызмет етуге ұмтылатын жастар — Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағының кепілі. Осындай мақсаткер буынның жарқын өкілі — Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті-нің 4-курс студенті Ермек Елдана Айдынқызы.
Елдана өзінің дипломалды/өндірістік тәжірибесін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде өткізіп, мемлекеттік басқару жүйесінің тыныс-тіршілігімен жақыннан танысуға мүмкіндік алды. Сенат қабырғасында өткен әрбір күн — болашақ халықаралық маман үшін тағылымға толы тәжірибе мектебі болды. Ол комитеттің ресми отырыстарына қатысып, халықаралық келісімдерді талдап, еліміздің сыртқы саясаты мен ұлттық қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселелерге терең бойлады.
Өз ісіне ұқыптылықпен қарап, жауапкершілік пен тиянақтылық танытқан Елданаға комитет ұжымы зор сенім білдірді. ҚР Парламенті Сенатының депутаттары — Геннадий Шиповских, Алишер Сатвалдиев және Ғалиасқар Сарыбаев университетке арнайы ұсыныс хат жолдап, Елдананың кәсіби дайындығы мен ынтасын жоғары бағалады.
Бұл — Елдана үшін үлкен мәртебе, әрі болашақ жолына бағытталған сенім шамы.
Сенаттағы тағылымды кезең барысында Елдана өмірлік тәжірибе мен кәсіби білім беріп, бағыт-бағдар сілтеген бірқатар тұлғаларға шексіз алғыс білдіреді. Атап айтқанда, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара байланыс жасау бөлімінің меңгерушісі Сырғабаева Ақмарал Төреханқызына, сондай-ақ Мендібаева Қарлығаш Семейханқызына, Карменова Дана Жанатқызына, Жұбатханова Камшатқа, Данияров Алмас Бағланұлына, Әбдірахман Мадияр Мұхтарұлына, Сәуле Аманбайқызына, Руслан Қасқырбайұлына,Ұйымдастыру бөлімі мүшелеріне— жанашырлық пен қолдаулары үшін алғысы шексіз.
Сонымен қатар, Елдана жүрегінде әрдайым шәкіртке жол сілтеп, парасаттың биік үлгісін көрсеткен ардақты ұстаздары — Халықаралық қатынастар,құқық және бизнес факультеті деканы – Құдайбергенов Нураддин Айыпұлына, Абдразакова Лейла Нұржанқызына, Нығметова Балжан Мансұрқызына да ерекше ризашылығын арнайды. Ұстаз сөзі — шамшырақ, кеңесі — қанат.
«Сенаттағы тәжірибе мен үшін жай ғана өндірістік практика емес, кәсіби көзқарасымды қалыптастырған, азаматтық жауапкершілігімді нығайтқан ерекше кезең болды», — дейді Елдана тебіреніспен.
Ел болашағы — осындай білімді, ұлтжанды жастардың қолында. Олардың әр қадамына демеу болып, сенім артсақ — мемлекетіміздің болашағы да нық әрі нұрлы болары сөзсіз.