2025 жылғы 30 мамырда Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессорлары Жұзтаева Б.Н., Карабаева З.М., Насырова М.Ю. кафедра меңгерушісі Изтаева В.А. жетекшілігімен Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Филиалы (Алматы қ.) ұйымдастырған «Саяси қуғын-сүргін жылдарындағы отбасы тағдырлары архивтік деректерде» атты дөңгелек үстел жұмысына қатысты.
Филиал қызметкерлері Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдер — Құлымбетова, Күләш Майлина, Рабиға Мендешева, Мәриям Сарымолдаева, Бәтима Сырғабекова — тағдыры туралы архивтік құжаттар көрмесін де ұйымдастырды.
Іс-шара аясында келесі танымал ғалымдар ғылыми баяндамалар жасады:
Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Жангүттин Бауыржан Олжабайұлы: «Қазақ әйелдері: репрессия және реабилитация»;
Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың тарих ғылымдарының докторы Сақтағанова Зауреш Ғалымжанқызы: «ГУЛАГ лагерлеріндегі балалар өлімі жөніндегі архивтік құжаттар»;
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана филиалының қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Сәрсембина Құралай Қуандыққызы: «Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдер мен балалар», және басқалар.
Әсіресе АЛЖИР тұтқыны болған әйелдердің тағдырларына арналған баяндамалар ерекше эмоциялық әсер қалдырды. Олардың өмір жолы — репрессия дәуірінің қайғылы символына айналған. Бұл тағдырлар — тарихи жадымызды сақтаудың және әділеттікті қалпына келтірудің маңыздылығын еске салды.
Осындай іс-шаралар кафедра оқытушыларының кәсіби білімін тереңдетуге, бірегей архивтік материалдарға қол жеткізуге септігін тигізеді. Сондай-ақ, қазіргі тарихи зерттеулерді оқу үдерісі мен ғылыми жұмысқа енгізуге мүмкіндік береді.
Кафедра ұйымдастырушыларға — Қазақстан Республикасы Президенті Архиві директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы Әбдіқадырова Жәмилә Үсіпжанқызына және ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу қызметінің жетекшісі Нұрымбетова Гүлшат Рамазанқызына — іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, қатысуға шақырғаны үшін шын жүректен алғыс білдіреді.