2025 жылдың 31 қазанында Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, сондай-ақ әлемдік университеттер мен халықаралық агенттіктер басшыларының қатысуымен «Қазақстан – академиялық білім аймағы» форумы өтті. Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ атынан Басқарма төрағасы-Ректордың міндетін атқарушы Кунанбаева Дана Ануварбековна форумға қатысты.

Президент өз сөзінде білім мен ғылымды «шекара талғамайтын, барша адамзатқа ортақ стратегиялық сала» деп атап өтті. Мемлекет басшысы форумның маңызын айта келе: «Мықты университеттер – келешектің фабрикасы. Бұл жерде идеялар туып, кедергілер еңсеріледі. Әділ әрі үйлесімді әлемнің алғышарттары қалыптасады. Жоғары оқу орындары халықтар арасындағы сенім мен ынтымақты күшейтіп, дипломатия құндылықтарын дәріптейді. Университет қабырғасында қалыптасатын студенттер бауырластығы, зерттеушілер қоғамдастығы және академиялық серіктестік тек ғылым-білім саласында емес, экономика мен қоғамдық өмірдегі, тіпті саясаттағы өзгерістерге қозғау салады», – деді.

Форум аясында стратегиялық серіктестер кеңесі құрылып, оның міндеті – халықаралық академиялық қауымдастықтармен өзара іс-қимылды күшейту және білім мен ғылымды дамыту бағытында бірлескен шешімдер қабылдау екені атап өтілді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз баяндамасында Қазақстанда шетелдік университеттердің 40 филиалы ашылатынын, олардың басым бөлігі жоғары технологиялық бағыттарға – жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, жаратылыстану және инженерия салаларына арналатынын атап өтті.

Форумға әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының президенттері мен халықаралық рейтинг агенттіктерінің өкілдері қатысып, Қазақстанның білім беру жүйесіндегі серпінді өзгерістерге жоғары баға берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінің қорытындысында еліміздің білім мен ғылымға сүйене отырып, Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Күшті Қазақстан құру жолындағы жұмысты жалғастыратынын айтты.
Ablai Khan University еліміздің жоғары білім кеңістігін дамытуға және халықаралық серіктестікті тереңдетуге өз үлесін қоса береді.
.png)






















