Ағымдағы жылдың 5 наурызында Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде «Жаңа Конституция: елдің құндылықтары, дәстүрлері және болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Басқарма Төрағасы – Ректорының міндетін атқарушы - Д.А. Кунанбаева, проректорлар, факультет декандары және университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Кіріспе сөзінде Д.А. Кунанбаева Негізгі заңды кеңінен талқылаудың маңыздылығын дәл академиялық ортада қарастыру қажет екенін атап өтті, себебі университет мемлекеттік дамудың келешегін талқылайтын маңызды интеллектуалдық алаң болып табылады. Университет басшысы Конституцияның тек құқықтық акт қана емес, елдің демократиялық құрылымын айқындайтын әрі мемлекеттің жан-жақты дамуына кең мүмкіндіктер ашатын негізгі құжат екенін айтты. Дана Ануварбековна жаңартылған жоба еліміз үшін сапалық тұрғыдан жаңа мүмкіндіктер мен даму көкжиектерін ашатынын ерекше атап өтті.
Философия ғылымдарының докторы, халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Кадыржанов Р.К. өз баяндамасында жаңа Конституцияны қабылдау елдің болашағын айқындау және мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа өзара қатынастар жүйесін қалыптастыру жолындағы қажетті қадам екенін атап өтті. Спикер тіл мәселесі мен демографиялық өзгерістерге ерекше назар аударды: орыс тілін ұлтаралық қатынас құралы ретінде (қазақ тілімен «қатар») сақтай отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін нақтылау елдегі объективті шындықты көрсетеді. Егер 1993 жылы байырғы халықтың үлесі 50% төмен болса, бүгінгі күні ол 70% асып отыр, сондықтан заңнама осы демографиялық жағдайға сәйкес келтірілуде. Сөзінің соңында профессор барлығын 15 наурызда өтетін референдумға қатысуға шақырып, жаңа Конституция қоғамдағы сенім мен сындарлы диалогтың берік негізіне айналатынын атап өтті.

Халықаралық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Мухамадиев А.У. өз баяндамасында жүргізіліп жатқан реформаның өзектілігін атап өтіп, оның ел ішіндегі және әлемдегі өзгерістермен тікелей байланысты екенін айтты. Сарапшы жаңа Конституцияны қабылдау кәсіби әрі жан-жақты сараланған тәсілді, сондай-ақ құқықтық нормалардың өміршеңдігін қамтамасыз ететін сапалы дайындықты талап ететінін атап өтті. Баяндама соңында профессор азаматтарды 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырып, тек қоғамның белсенділігі ғана ұсынылып отырған жобаға объективті баға беруге және құқықтық тәртіптің берік негізін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қауымдастырылған профессор Абсаттаров Г.Р. аудиторияға 1995 және 2026 жылдардағы Конституциялар арасында салыстырмалы талдау ұсынып, билікті орталықтандырудан деорталықтандыруға көшу және өкілді органдардың рөлін күшейту үрдісін атап өтті. Саясаттанушының пікірінше, бұл реформа сайлау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Баяндама қорытындысында спикер 15 наурызда өтетін референдумға қатысуға шақырып, жүргізіліп жатқан өзгерістердің легитимділігі үшін әрбір дауыс маңызды екенін атап өтті.
Пікірталасқа келесі спикерлер де қатысты:
- профессор Искалиев Мендеш Досмуханович;
- профессор Джусубалиева Дина Мухтаховна;
- профессор Шаймарданова Зарема Жуандыковна;
- профессор Байсултанова Кулипа Чарипхановна.
Дөңгелек үстел жұмысының қорытындысында Кунанбаева Дана Ануварбековна қатысушыларды ағымдағы жылдың 15 наурызында өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырып, университеттің академиялық қауымдастығы жаңа Конституция жобасының мазмұнын толық қолдайтынын атап өтті. ҚазХҚжәнеӘТУ ұжымы белсенді азаматтық ұстаным танытып, тарихи маңызы бар референдумға қатысуға дайын екенін білдірді.
.png)






















