Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Халықаралық ынтымақтастық басқармасының халықаралық жобалар мен рейтингтерді сүйемелдеу бағытының жетекшісі Ильяс Садыханов Erasmus+ бағдарламасы (Staff Training Mobility) аясында University of Perpignan Via Domitia базасында тағылымдамадан сәтті өтті.

2026 жылғы 16–20 наурыз аралығында өткен бағдарлама университеттің халықаралық ынтымақтастығын нығайтуда және академиялық ұтқырлық саласындағы институционалдық әлеуетін арттыруда маңызды кезең болды. Тағылымдама барысында қатысушы қабылдаушы университеттің халықаралық офисінің қызметімен, білім беруді интернационалдандырудың заманауи тәсілдерімен, сондай-ақ студенттерді қолдаудың тиімді тетіктерімен және халықаралық жобаларды басқару тәжірибесімен жан-жақты танысты.
International Welcome Desk бөлімінің қызметіне ерекше назар аударылып, шетелдік студенттерге кешенді қолдау көрсету тәжірибесі зерделенді. Сонымен қатар, кіріс және шығыс академиялық ұтқырлықты ұйымдастыру тетіктері қарастырылып, халықаралық жобаларды қаржылық басқару құралдары мен Across және Uniescat бастамалары аясындағы тәжірибе зерттелді.

Тағылымдаманың маңызды бөлігі заманауи әрі тұрақты кампус инфрақұрылымымен, сондай-ақ университеттің халықаралық білім беру кеңістігіндегі аймақтық ерекшеліктерімен танысу болды.
Erasmus+ бағдарламасына қатысу Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің халықаралық ынтымақтастықты дамыту, білім беру сапасын арттыру және жаһандық академиялық кеңістікке интеграциялану бағытындағы стратегиялық ұстанымын айқындайды.
.png)






















