2026 жылғы 24 қарашада халықаралық құқық кафедрасы Алматы қаласындағы колледждердің бітіруші курс студенттері арасында «Құқықтық марафон» атты құқық пәнінен III қалалық олимпиада өткізді. Олимпиада заң ғылымына қызығушылық танытатын және болашақ кәсіби қызметін құқық саласымен байланыстыруға ұмтылатын дарынды әрі бастамашыл жастардың басын қосқан зияткерлік алаңға айналды.

Олимпиаданың негізгі мақсаты – құқықтық білімі терең, аналитикалық ойлау қабілеті дамыған, құқықтық мәдениеті жоғары және академиялық дайындығы жақсы колледж студенттерін анықтау және қолдау. Сонымен қатар білім алушылардың танымдық белсенділігін арттыруға, зияткерлік әлеуетін ашуға, кәсіби бағдар беруге және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына ықпал етуге ерекше көңіл бөлінді.
Зияткерлік сайысқа Алматы қаласындағы «Нархоз» колледжі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ колледжі, Алматы қаласының заң колледжі, Алматы қаласының инновациялық колледжі, Алматы технологиялық-қаржы және инновациялық-техникалық колледжінің 60 бітіруші курс студенті қатысты. Қатысушылар жоғары академиялық дайындықтарын, құқық саласына деген қызығушылықтарын және кәсіби тұрғыдан одан әрі дамуға деген ұмтылыстарын көрсетті.
Олимпиада бағдарламасы қатысушылардың теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын кешенді бағалауға бағытталған екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде мемлекет және құқық теориясының негіздері, конституциялық, азаматтық және қылмыстық құқық бойынша тест тапсырмалары ұсынылды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты тестілеу барысында қатысушылардың оның негізгі ережелерін білуіне, конституциялық реформалардың мәні мен маңызын түсінуіне, сондай-ақ конституциялық құрылыс негіздері, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы білімдеріне ерекше назар аударылды. Бұл тәсіл колледж студенттерінің теориялық дайындық деңгейін ғана емес, қазіргі мемлекеттік-құқықтық өзгерістер аясындағы құқықтық сауаттылығын да бағалауға мүмкіндік берді.
![]() |
![]() |
Екінші кезең практикалық бағытта ұйымдастырылып, қатысушыларға құқықтық кейс форматында ұсынылған жағдаятты шешу, өз шешімдерін ауызша таныстыру және негіздеу тапсырылды. Бұл кезеңде қатысушылар теориялық білімдерін тәжірибеде қолдану, заңдық маңызы бар мән-жайларды талдау, құқықтық мәселелерді анықтау, оларды шешудің балама жолдарын ұсыну және өз құқықтық ұстанымдарын дәлелді түрде қорғау қабілеттерін көрсетті.
Олимпиада бағдарламасының маңызды бөліктерінің бірі мамандандырылған оқу аудиторияларына ұйымдастырылған таныстыру экскурсиясы болды. Колледж студенттерінің ерекше қызығушылығын криминалистикалық зертхана тудырды. Мұнда олар арнайы жабдықтармен, дәлелдемелерді анықтау, тіркеу және зерттеу әдістерімен, сондай-ақ трасологиялық және қолжазбатану сараптамаларын жүргізу ерекшеліктерімен танысты. Қатысушылар нақты сот процестерін модельдеуге, құқықтық дәлелдеу, сот шешендігі және процестік мәдениет дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беретін заманауи білім беру алаңы – оқу сот отырыстары залына да барды.
Экскурсиядан кейін колледж студенттеріне университет студенттері әзірлеген ақпараттық және кәсіби бағдар беру бағдарламасы ұсынылды. Бағдарлама барысында қатысушылар университеттің тарихы мен жетістіктерімен, білім беру бағдарламаларымен, академиялық ұтқырлық және халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерімен, сондай-ақ кәсіби және тұлғалық даму перспективаларымен танысты. Бағдарламаның ерекше бөліктерінің бірі интерактивті викторина болды. Ол ашық диалог орнатуға, еркін пікір алмасуға және колледж студенттерінің университеттің студенттік қауымдастығымен белсенді қарым-қатынас жасауына мүмкіндік берді.

Олимпиада салтанатты марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Екі кезеңнің нәтижесі бойынша жоғары құқықтық білімін, аналитикалық қабілеттерін және құқықтық дәлелдеу дағдыларын көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Барлық қатысушыларға қатысу сертификаттары табысталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер I, II және III дәрежелі дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Ерекше ойлау қабілетімен, білімдарлығымен, бастамашылдығымен және кәсіби қарым-қатынас шеберлігімен көзге түскен қатысушыларға «Құқықтың үздік білгірі», «Кейсті шешудегі ең креативті тәсіл», «Үздік эрудит», «Үздік сендіру шебері», «Үздік құқықтанушы» номинациялары бойынша арнайы сертификаттар табысталды.
«Құқықтық марафон» атты құқық пәнінен III қалалық олимпиада жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде, зияткерлік шығармашылық пен өзара құрмет атмосферасында өтті. Олимпиаданың өткізілуі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындары арасындағы сабақтастықты нығайтуға, заңгерлік білімді насихаттауға, жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға, сондай-ақ құқық үстемдігі, заңдылық пен құқықтық тәртіп құндылықтарын дәріптеуге бағытталған кезекті маңызды қадам болды.


.png)






















