Ұстаздық еткен жалықпас

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Қазақ филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен  Қазақстан Республикасы «Ы.Алтынсарин» белгісінің иегері, кафедраның аға оқытушысы Ибраева Рауза Бейсенбайқызының 70 жас мерейтойына арналған «Ұстаздық еткен жалықпас» атты онлайн дөңгелек үстел болып өтті.

Ибраева Рауза Бейсенбайқызы өзінің бар ғұмырында университетімізде ұстаздық еткен, шәкірт тәрбиелеудің  жарқын үлгісін көрсеткен, өзінің ана тіліне өлшеусіз еңбек сіңірген ардақты  ұстаздардың бірі. 

Дөңгелек үстелді Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақбота Тұрағұлқызы Қоңырова жүргізіп отырды. Дөңгелек үстелді өткізудегі басты мақсат – университетіміздің білім беру ісінде өзіндік үлесі бар Ибраева Рауза Бейсенбайқызының педагогикалық-әдістемелік еңбектерін саралау  болса, сонымен қатар, халқымыздың асыл мұрасы – ана тілімізге жасалып отырған құрмет екендігін айтып өтті. Одан әрі ұлағатты ұстаздың әдістеме саласындағы, ұстаздық қызметіне, адамгершілік болмысына тоқталды.

Универсиетет ректоры С.С. Құнанбаева Ибраева Рауза Бейсенбайқызының еңбегін бағалап, Құрмет грамотасымен, ақшалай сыйлықтармен марапаттады.  

Дөңгелек үстел аясында ұлағатты ұстаз  Ибраева Рауза Бейсенбайқызының оқу-әдістемелік еңбектерінің мән-маңызымен қоса,  мемлекеттік тіл мәселесі, оқу орындарында мемлекеттік тілде кәсіби білім берудің жай-күйі және білім беру саласына жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, қазақ тілін оқытудың инновациялық тәсілдері, жаңашылдық үрдістерін дамыту мәселелері талқыланды. Ф.  ғ. к., доцент Қоңырова Ақбота Тұрағұлқызы Ибраева Рауза Бейсенбайқызының өмір жолы, ұстаздық  қызметі туралы кеңінен айтса, Алматы университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қондыбаева Мариям Рамазанқызы Ибраева Р.Б. Солтүстік Қазақстанның М.Жұмабаев тәрізді ұлы ақыны өскен жерде туылып, мектеп бітіргенін, тамаша ақын екеніне тоқталды. Әкесі, әкесінің ағасы бәрі де ел үшін еңбек еткен, кешегі ұлы отан соғысы жылдарында, соның алдындағы ашаршылық жылдарында елді аштықтан аман сақтап қалған белгілі ел азаматтары екендігін айтып, көпшілікпен таныстырды.  Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дің әкімшілік басқарма бастығы Жанбағысова Жазира Шыңғысқызы ректор атынан құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Ал, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дің оқу бөлімінің бастығы Мергембаева Айткен Тұрсағұлқызы,  Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дің доценті Мұхамадиева Нұргүлғасыл Қалижанқызы, филология ғылымдарының докторы, профессор, КИМЭП кафедра меңгерушісі  – Ерназарова Зауреш Шаршыбекқызы,  Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дің доценті, Шығыстану факультетінің деканы, PhD доктор - Дәуен Динара Бақыткерейқызы, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, Ілеспе аударма кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы -  Исмагулова Баян Камзиевна, ҚР халыққа білім беру ісінің үздігі - Садықова Гулбахрам Қарашқызы Ибраева Рауза Бейсенбайқызының ұстаздық қызметіне, адамдық болмысына, адамгершілігіне кеңінен тоқталды. Апайдың шәкірттері атынан Шанхай университетінің студенті Тянь Руй сөздері де тыңдаушыларға өте әсерлі болды. Шет елдік  студенттер Қазақстанда оқып жүргенде апайдың бойынан аналық мейірім, биік парасат көргенін, барлық уақытта хабарласып қолдау білдіріп отырғанын тебірене отырып айтып шықты.

Хаджи Байрам Вели атындағы Анкара Мемлекеттік университетінің PhD докторы, апайдың қызы  Мырзабекова Майя Жақсыбекқызы да анасы жайындағы ыстық сөздерін, әдемі сезімдерін ортаға салды.

 Ибраева Рауза Бейсенбайқызы  қазақ тіл білімі ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, белгілі тұлғалар Т. Қоңыров,  Б. Бектұров, Б.Қалиев, З.Ш.Ерназарова т.б. ғалымдармен бір кафедрада қызмет етті.

Бүкіл руханият атаулы негізінен тіл арқылы жасалатыны белгілі. Ұлттық дү­ниетаным, дүниетүйсік, салт-сана, әдет-ғұрып, мінез құлық – бәрі де тілмен қалыптасады. Сондықтан болар, «Тілді тану – құдайды тану»  – дейді Әмірхан Балқыбек. Ибраева Рауза Бейсенбайқызы  қазақ тілін оқытуда, қазақ тілін оқыту әдістемесін дамытуда күні бүгінге дейін еңбек етіп келеді.

Ұстаздыққа өмірін арнаған апайымыз  уақыты мен күш-қуатын атақ пен дәреже үшін жұмсамай, білім беру ісін дамыту жолында аянбай еңбек ету арқылы қазақ қоғамының жарқын болуына қызмет еткендігі  Ибраева Рауза Бейсенбайқызының  бар болмысынан көрініп тұрды.  Дөңгелек үстел осымен құнды.

 

Сұлтанова Бибігүл Мыңбайқызы

Ф.ғ.к., Қазақ филологиясы

 кафедрасының оқытушысы

Печать E-mail

универсиада замена