Шет тілдер педагогикалық факультетінің 3-курс студенті Абилкасимова Аида Камиевна Румынияның Бухарест қаласындағы «AUF-RFI» бүкіләлемдік университеттер желісі ұйымдастырған француз тілінен кәсіби тағылымдаманың іріктеу кезеңінен сәтті өтті. Әлемнің Албания, Армения, Турция, Ресей, Украина, Грузия, Молдова сынды алпауыт 26 елінен білікті де білімді студенттер бақ сынасқан іріктеуге университетімізден 30-дан аса студенті қатысуға ниет еткен. Жалпы нәтижеде әлем елдерінен 19 қатысушы іріктеліп алынды. Өзінің тілдік құзіреттілігін дәлелдеп, топты жарып шыққан студентіміз жетекшісі Бесирова Нургуль Сайлаухановнамен бірге үлкен дайындықтың оң нәтижесіне қол жеткізіп отыр.
Енді алдағы уақытта Абилкасимова Аида наурыз-маусым аралығында, 4 ай бойы Румынияның «AUF-RFI» бүкіләлемдік университеттер желісімен бірлесе жұмыс жасайтын болады. Дәлірек айтар болсақ, арнайы мақалаларды ана тілімізден француз тіліне аударма жасап, етене жұмыс жүргізбек. Аталмыш жобаның тағы бір артықшылығы барлық жұмыс қашықтан жүргізілетін болады.
Біз студентімізді жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз және алдағы уақыттарға да толағай табыстар тілейміз!