16 қараша күні Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері университетінде “Халықаралық коммуникация” кафедрасының ұйымдастырумен “Фотожурналистика” тақырыбында шеберлік сабағы өтті. Аталмыш сабақты Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы фотожурналист, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы жүргізіп, өз білімімен бөлісті.
Жалпы шеберлік сағатының басты мақсаты студенттерге фотожурналистиканы жаңа қырынан танытып, мамандық тарихын таныстыра отырып, оның қыр-сырын меңгеруге бағыттау. Осы негізде студенттер "фотожурналистика деген не?", "фотожурналистика неден бастау алады?", "бұл мамандықтың негізгі мақсаты қандай?"- деген сынды сұрақтарға толық жауап алып қана қоймай, суретті қалай дұрыс түсіру қажет, ракурс таңдауда неге мән беру керек, фотоны монтаждауда камерада қандай баптаулар жасау қажет болатынын үйренді. Шеберлік сағатында теория мен тәжірибе қатар шыңдалды. Нақтырақ айта кетер болсақ, студенттер қолдарына фотоаппарат алып, бір сәтке өздерін фотожурналист ретінде сезініп те көрді. Осылайша журналистика және қоғаммен байланыс мамандықтарының студенттері шеберлік сағатына белсенді түрде қатысып, білік дағдыларын дамытты.
Тағы да айта кетерлігі, сабаққа қатысқан жас талапкерлер Асылхан Әбрідайымұлының жаңа кітабымен танысып, жақында өтетін кітап таныстырылымына шақырту алды.