2025 жылдың 21 мамырында Менеджмент және халықаралық коммуникациялар факультетінде "Visitor Experience Mapping as a Heritage Management Tool" (Келушілер тәжірибесін мәдени мұраны басқару құралы ретінде картаға түсіру) атты семинар-тренинг өтті. Іс-шараны Халықаралық туризм менеджменті кафедрасы ұйымдастырды.
Семинар мәдени мұраны түсіндіру, туристік менеджмент және туристік нысандарды тұрақты дамыту бағытында оқытушылар мен студенттердің кәсіби дағдыларын арттыруға арналды.
Семинарды АҚШ-тың Миннесота штатынан келген халықаралық сарапшы, Tūhura Communications компаниясының жаттықтырушы-кеңесшісі Jane Beattie жүргізді. Ол мәдени мұраны түсіндіру, тұрақты туризм және стратегиялық туристік менеджмент саласында мол тәжірибеге ие.
Семинарға "Туризм", "Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі", "Маркетинг және менеджмент" білім беру бағдарламаларының оқытушылары мен осы салаға қызығушылық танытқан студенттер қатысты.
Семинар интерактивті форматта өтті. Қатысушылар практикалық тапсырмаларды орындап, ұсынылған жағдаяттарды талдап, халықаралық тәжірибелермен танысты. Мұраны сақтау мен оны түсіндіруде жергілікті қауымдастықтың рөлін арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
Іс-шара келушілер тәжірибесін басқару мен тұрақты туризм тақырыптарының маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті. Қатысушылар ұйымдастырушыларға мазмұнды әрі сапалы семинар үшін алғыстарын білдірді.
Сапар аясында Jane Beattie "Туризм" білім беру бағдарламасының Визит-орталығы мен Қазақстанның туристік қауымдастығы (ҚТА) — серіктес ұйымдарында да болды.