2025 жылғы 21 қазан күні Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде Халықаралық коммуникациялар факультетінің (ФММК) студенттері Италияның Милан қаласындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі — IULM университетінің өкілдерімен кездесті.

Қонақтар — Alberto Parravicini, академиялық ұтқырлық және халықаралық студенттерді қабылдау бөлімінің жетекшісі, және Laura Gariboldi, студенттік қызметтер мен ішкі коммуникация бөлімінің басшысы — студенттерге оқу бағдарламалары мен академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Ал Италияда білім алып келген ФММК студенттері өздерінің халықаралық тәжірибесімен бөлісіп, шетелде оқудың нақты үлгісін көрсетті.
Кездесуден кейін Ablaikhan University басшылығы мен IULM университеті өкілдері арасында келіссөздер өтті. Тараптар төмендегі бағыттар бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады:
• «Журналистика» және «Туризм» мамандықтары бойынша қос дипломды бағдарламаларды жүзеге асыру;
• бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды дамыту;
• академиялық ұтқырлық пен оқытушылар алмасуын кеңейту.

Екі жақ та өзара әріптестікті нығайтуға және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдірді. Бұл бағыттағы ортақ мақсат — еуропалық білім кеңістігімен ықпалдасып, халықаралық деңгейдегі кәсіби мамандарды даярлау.
Аталған кездесу Ablaikhan University үшін жаһандық білім беру кеңістігіне ену жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып, студенттерге кәсіби және тұлғалық дамудың жаңа көкжиектерін ашты.
.png)






















