2026 жылғы 5 мамырда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті әскери кафедрасында әскери ант қабылдаудың салтанатты рәсімі өтті. Бұл маңызды күні әскери кафедрада оқуын сәтті аяқтаған 109 студент Отанға адал қызмет етуге ант берді.

Іс-шараның ресми бөлімін әскери кафедраның басшысы, запастағы подполковник Р.С. Абесинов ашып, әскери ант қабылдау әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтіп, курсанттарды жауынгерлік даярлық кезеңінен сәтті өтуімен құттықтады.
Іс-шара жалғасында қатысушыларға университет ректоратының атынан тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Т.В. Серёжкина құттықтау сөз арнады. Өз сөзінде Т.В. Серёжкина университеттің тек білікті мамандарды ғана емес, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын нағыз патриоттарды тәрбиелейтінін ерекше атап өтті.

Салтанатты шараның ең әсерлі сәттерінің бірі курсанттардың ата-аналары мен жақындарының тілектері болды.
Ата-аналар атынан құттықтау сөз арнағандар:
• әскери кафедра курсантының әкесі, запастағы әділет подполковнигі К.Д. Динистанов ұрпақтар сабақтастығы мен офицерлік дәстүрлердің маңыздылығын атап өтті;
• әскери кафедра курсантының анасы Аймухамедова Дина жастарға табандылық пен қызмет жолында сәттілік тіледі;
• курсанттың атасы Асылбек Шарахметов туған жерге деген сүйіспеншілік туралы тағылымды сөздерімен жас сарбаздарға рухани өнеге көрсетті.
Салтанатты жиын әскери кафедра курсанты Көбейқызы Аружанның сөзімен қорытындыланды. Ол ант қабылдаған курсанттар атынан жас ұрпақ берілген сертке адал болып, Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ түлегі деген мәртебені абыроймен алып жүретінін жеткізді.

Мерекелік бағдарлама әскери-техникалық шеберлікті көрсетумен жалғасты. Студенттер қаруды шебер меңгеру деңгейін және автоматты жылдам құрастырудағы жоғары дайындықтарын көрсетті. Сонымен қатар патриоттық ән орындалып, ұжымның бірлігі мен жауынгерлік рухын айшықтай түсті.
Іс-шара университет аумағындағы салтанатты маршпен аяқталды. Курсанттар саптық жүріспен қонақтар алдынан өтіп, жоғары тәртіп пен Отанға қызмет етуге дайын екендіктерін паш етті.
.png)






















