Қазақстандық жоғары мектептің негізін қалаған беделді көшбасшылардың көмегінсіз отандық ғылым жүйесін реформалау немесе жаңғырту мүмкін емес. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан осы таңда мемлекет пен ғылыми қауымдастықтың сан жылдар бойы елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастырып, отандық ғылымның стратегиялық даму бағыттарын айқындауға үлес қосқан тұлғаларға жоғары баға беруі заңды құбылыс.

Осындай бағалаудың айқын көрінісі ретінде қазақстандық белгілі ғалым, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Басқарма төрағасы-ректоры, филология ғылымдарының докторы Салима Сағиқызы Құнанбаеваның марапатталуын айтуға болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ғылым академиясының мерейтойына орай тағайындалған төсбелгімен Салима Сағиқызын марапаттады.

Бұл жоғары марапат – Салима Сағиқызының отандық ғылым мен білімнің дамуына, жоғары білікті кадрлар даярлауға қосқан көпжылдық үлесінің айғағы және ол қазіргі академиялық ойдың стратегиялық дамуы мен ғылыми-педагогикалық мұратқа деген адалдық арасындағы ажырамас байланысты айқындай түспек.
Салима Сағиқызының ғылыми жолын жоғары кәсіби маман ретінде қалыптасудың жарқын үлгісі деуге әбден болады. Педагогикалық қызметін 1960 жылдардың ортасында бастаған ол академиялық мансаптың барлық негізгі сатыларынан өтті. 1992 жылы докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін, ғалым отандық гуманитарлық ғылым саласында маңызды тұжырымдамалық серпіліс жасады. Оның жетекшілігімен халықаралық деңгейде мойындалған, бірегей, шет тілдері бойынша қазақстандық ғылыми-әдістемелік мектеп қалыптасты. Ғылымға қосқан үлесіне сай Салима Сағиқызы 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі (академик) болып сайланды.
Ол басқарып отырған Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті еліміздің жетекші ғылым мен білім беру орталықтарының біріне айналып, әлемдік білім кеңістігіне сәтті енудің ерекше үлгісін көрсете білді.
Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық марапатын Салима Сағиқызы Құнанбаеваның отандық ғылым мен білімнің дамуына қосқан зор үлесіне, Қазақстанның жаңа интеллектуалдық элитасын тәрбиелеудегі еңбегіне және халықаралық ғылым мен білім беру қауымдастығындағы жоғары беделіне мемлекет пен ғылыми қауымдастық тарапынан көрсетілген зор ризашылық деуге болады.
.png)






















