2026 жылғы 19–22 тамыз аралығында Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде «Жаһандық белгісіздік жағдайындағы саяси институттар: ішкі тұрақтылық пен сыртқы сын-қатерлер арасындағы тепе-теңдік» тақырыбында XV Халықаралық саясаттанушылар жазғы мектебі өтуде. Іс-шараны Қазақстан саяси зерттеулер қауымдастығы, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ және Қазақстандық гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығы бірлесіп ұйымдастыруда.

Жазғы мектептің мақсаты - Қазақстан Республикасында саяси білім беруді дамытуға, саясаттану және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер оқытушыларының біліктілігін арттыруға, сондай-ақ отандық саяси ғылымның сараптамалық әлеуетін нығайтуға ықпал ету.

Мектеп жұмысына жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, сарапшылар қауымдастығының өкілдері, жас ғалымдар мен студенттер қатысуда. Дәріс оқушылар қатарында Қазақстан, Қытай, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген белгілі ғалымдар мен сарапшылар бар. Бағдарлама аясында геосаясат, халықаралық қауіпсіздік, саяси институттар, демократия, ұлттық бірегейлік және Орталық Азия мемлекеттері үшін өзекті заманауи сын-қатерлер мәселелеріне арналған дәрістер, дөңгелек үстелдер мен сараптамалық пікірталастар өткізіледі.
Халықаралық жазғы мектептің өткізілуі халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, зерттеушілер арасындағы тәжірибе алмасуды кеңейтуге және саясаттану мен халықаралық қатынастар саласындағы мамандарды даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді.
.png)






















