Ablaikhan University-де академиялық адалдық сапалы білім берудің, объективті бағалаудың және ғылыми зерттеулерді жауапкершілікпен жүргізудің негізі болып табылады. Оның қағидаттарын сақтау – білім алушылардың, оқытушылардың, зерттеушілер мен университет қызметкерлерінің ортақ жауапкершілігі.
1. Адалдық
Академиялық қауымдастықтың әрбір мүшесі адал әрекет етеді және өзінің оқу, ғылыми және кәсіби қызметінің нәтижелерін алдауға, плагиатқа, бұрмалауға немесе өзгенің зияткерлік еңбегін иемденуге жол бермей ұсынады.
2. Жауапкершілік
Білім алушылар мен университет қызметкерлері академиялық адалдық нормаларын сақтау, орындалатын жұмыстың сапасы, ұсынылатын нәтижелердің дұрыстығы және жіберілген бұзушылықтардың салдары үшін жеке жауапкершілік атқарады.
3. Әділдік
Университет білім беру үдерісінің барлық қатысушылары үшін бірдей талаптар мен тең жағдайларды қамтамасыз етеді. Оқу нәтижелерін бағалау алдын ала белгіленген және түсінікті критерийлер негізінде объективті түрде жүзеге асырылады.
4. Ашықтық
Оқу тапсырмаларына, бағалау рәсімдеріне, емтихандарды өткізуге, ғылыми зерттеулерге қойылатын талаптар, сондай-ақ академиялық адалдықты бұзғаны үшін жауапкершілік академиялық қауымдастықтың барлық мүшелері үшін ашық, түсінікті және қолжетімді болуы тиіс.
5. Сенім
Академиялық орта студенттер, оқытушылар, зерттеушілер мен университет арасындағы өзара сенімге негізделеді. Сенім міндеттемелерді адал орындау, қабылданатын шешімдердің объективтілігі және белгіленген ережелерді сақтау арқылы нығайтылады.
6. Құрмет
Университет қауымдастығының әрбір мүшесі өзге адамдардың құқықтарын, қадір-қасиетін, пікірін және зияткерлік еңбегін құрметтейді. Өзгенің идеяларын, мәтіндерін, зерттеулерін, деректерін және басқа да материалдарын пайдалану кезінде дәйексөз келтіру қағидаларын сақтау және авторын міндетті түрде көрсету қажет.
7. Академиялық дербестік
Білім алушы, егер оқытушы жұмыстың өзге форматын белгілемесе, білім беру үдерісінде қарастырылған тапсырмаларды өз бетінше орындайды. Өз жұмысын басқа тұлғаға орындатуға беру, басқа білім алушының орнына тапсырма орындау немесе өзгенің жұмысын өз жұмысы ретінде ұсынуға жол берілмейді.
8. Деректердің дұрыстығы
Оқу және ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелері шынайы әрі сенімді деректерге негізделуі тиіс. Деректерді қолдан жасауға, бұрмалауға, зерттеу нәтижелерін, дереккөздерді немесе өзге де академиялық ақпаратты қасақана өзгертуге жол берілмейді.
9. Авторлық пен зияткерлік меншікке құрмет
Ablaikhan University зияткерлік еңбекке жауапкершілікпен қарау қағидатын қолдайды. Идеяларды, мәтіндерді, суреттерді, деректерді, зерттеу нәтижелерін және басқа да материалдарды пайдалану кезінде дереккөзді дұрыс көрсету, дәйексөз келтірудің белгіленген нормалары мен авторлық құқық талаптарын сақтау қажет.
10. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану
Жасанды интеллект пен басқа да цифрлық құралдарды пайдалану нақты оқу тапсырмасының талаптарына, университет ережелеріне және академиялық адалдық қағидаттарына сәйкес болуы тиіс.
Жасанды интеллект білім беру мен ғылыми-зерттеу қызметін қолдауға арналған құрал ретінде пайдаланылуы тиіс және білім алушының немесе зерттеушінің өз бетінше атқаратын зияткерлік жұмысын алмастыру тәсіліне айналмауы қажет. Университет немесе оқытушы талаптарында көзделген жағдайларда жасанды интеллект құралдарын пайдалану фактісі міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
.png)






















